Заң қабылдау құзыретіне тек Мәжіліс ие болады
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған жолдауында Мәжілістің депутаттық корпусын аралас модель арқылы қалыптастыруды ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Мәжілістің депутаттық корпусы мынадай схема бойынша - 70% пропорционалды негізде және 30% мажоритарлық негізде қалыптастырылатын болады. Бұдан басқа, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының сайлауында аралас модель енгізілетін болады», - деді ол.
Одан бөлек, заң қабылдау құзыретіне тек Мәжіліс ие болады, ал Сенат Мәжіліс ұсынған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын иеленеді.
Сонымен бірге Президент жолдауында елдегі саяси партияларды тіркеуге қатысты өзгерістер енгізілетінін айтты.
«Партияларды тіркеу рәсімдері жеңілдетіледі. Тіркеу шегін 4 есеге - 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендету керек. Өңірлік өкілдіктердің ең аз саны үш есеге – 600-ден 200 адамға дейін азаяды. Шамамен үштен бір бөлігі, 1000-нан 700 адамға дейін, партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз саны азаяды», - деді Тоқаев.