Келісім авиациялық іздеу және құтқару мәселесін реттейді
Сенат «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Құжат қос елдің азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуды көздейді. Келісімді ратификациялау азаматтық ұшақтарды іздеу және құтқару кезіндегі бірлескен іс-қимылдарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Депутат Сүйіндік Алдашевтың айтуынша, Қазақстан мен Қытай келісімге 2019 жылғы 11 қыркүйекте Бейжіңде қол қойған.
Келісім бойынша іздеу-құтқару операцияларын ұйымдастыру және орындауда өзара іс-қимылдың нақты алгоритмін көздейді. Әр тарап өз ауданында азаматтық әуе кемелерін іздеу және құтқару қызметтерінің жауапкершілігін, олардың тәулік бойы кезекшілігін қамтамасыз етеді. Келісім авиациялық оқиға туралы өзара хабарлау және екінші тараптан көмек сұрау туралы міндетін көздейді. Тараптар өздерінің жауапкершілік аймағында іздестіру-құтқару операцияларын жүзеге асыру кезінде болған шығыстарды өздері көтереді, - деді ол Сенаттың жалпы отырысында.
Құжат аясында қос мемлекеттің құзыретті органдары мен іздеу, құтқару қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту көзделген. Оған іздеу және құтқару бойынша бірлескен оқу-жаттығулар, мемлекетаралық байланыс арнасын жүйелі түрде тексеру, іздестіру әрі құтқару жөніндегі сарапшылардың өзара сапарлары, іздестіру-құтқару ақпараты мен тәжірибе алмасу кіреді.