Украина әскері «Вагнердің» Соледарды алғанын жоққа шығарды
Бұл қаланы азат етудің стратегиялық та, символдық та мәні бар
Украина Қарулы күштері Евгений Пригожиннің «Вагнер» Соледарды басып алды деген мәдімдемесін жоққа шығарды. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
Ресейліктер оны бақылауға алдық деп жариялапты. Бұлары өтірік. Оның бүге-шігесін бас штабтың мәліметтерінен күтіңіздер, – деді Украина Қарулы күштері Шығыс бағыты командованиесінің пресс-атташесі Сергий Череватый «Суспiльне Новини» эфирінде сөйлеген сөзінде.
Қаңтардың 11-не қараған түні «Вагнер» жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин өз содырларының Соледарды өздеріне толық қаратқанын хабарлаған болатын. Алайда оның айтуына қарағанда, қаланың орталығында «кескілескен ұрыс қимылдары жүріп жатқан қазаншұңқыр» пайда болған көрінеді. Сонымен қатар, ол қолға түскен тұтқындар санының қанша екенін айтатынын мәлімдеген еді. Сол сияқты, Соледарды басып алу тек «вагнершілердің» қатысуымен болғанын да жеткізді.
Қазір ресейліктердің Соледарды басып алмағанын АҚШ-тың Соғысты зерттеу институты (ISW) да айғақтап жатыр. Оның сарапшылары «вагнершілердің» сөздерінде шындық жоқ екенін айта келіп, ресейліктердің Украина Соледардан айырылса, Бахмуттың да құлайтыны жайлы болжамдарын жоққа шығарды.
Ресейдің Соледарды алуының стратегиялық емес, символдық қана мәні бар. Мұны өзін өзі жариялаған ДХР-дың бұрынғы Қорғаныс министрі Игорь Гиркин-Стрелков та айтып отыр.
«Мен бүкіл Бахмут-Соледар-Северск қорғаныс шебінің құлауының өзі Украина Қарулы күштері майданының қирауына алып бармайтынын талай мәрте жазып, айтқан едім. Себебі оның тылында Донбастың басты қорғаныс ауданы – Славянск-Краматорск шебі тұр. Алдымен соған дейін жетіп алу керек», – деп жазды ол өзінің Telegram-арнасында.