Министрлік Бурабай лагеріндегі баланың өліміне қатысты түсінік берді

Халық үні

Қазір құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр

фото: ашық дереккөзден

Оқу-ағарту министрлігі Ақмола облысының «Балдәурен» сауықтыру орталығында 14 жастағы баланың қайтыс болуына қатысты түсінік берді. 

«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан лагерьге барды. Балалардың құқығын қорғау комитеті, білім басқармасы, құқық қорғау органдарының өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрылды. Қазір құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Сараптама баланың қатерлі ісікпен ауырғанын көрсетті, оның салдары ішкі қан кетуді тудырған. Құрылған комиссия жұмысын жалғастырып жатыр», - делінген министрлік ұсынған мәліметте.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін, «Балдәурен» сауықтыру орталығының және Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ұжымы баланың туғандары мен жақынына қайғыра көңіл айтатынын жеткізді.

Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, баланың қазасы туралы 11 қаңтар сағат 06:36-да Бурабай аудандық полиция бөліміне жедел жәрдем станциясының фельдшері хабарлаған.

«Жасөспірім 9 қаңтарда Ақтөбе облысынан Бурабай ауданына балалар тобының құрамында келген. 10 қаңтардан 11 қаңтарға қараған түні жасөспірім іші ауырып тұрғанын айтқан. Таңертең сағат 05:00 шамасында ауырсынудың күшеюіне байланысты кешеннің медициналық бөліміне жүгініп, жедел жәрдем шақырылған. Алайда жедел жәрдем келгенге дейін бала көз жұмған. Алғашқы тексеру кезінде зорлық-зомбылықтың сыртқы белгілері байқалған жоқ», - деді ведомство.

Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді, тиісті сараптамалар тағайындалды. Сондай-ақ оқу-сауықтыру орталығының аумағында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмыс істеп жатыр.