«Жапонияда білім алдым». Экология министрі қоқысты сұрыптап тастауға кеңес берді
Ол салада шешілмеген күрделі мәселелер барын мойындады
Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қазақстандықтарға қоқысты сұрыптап тастауға кеңес берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол елде экология мәселесі өзекті екенін, өзінің алдымен қоқыс мәселесіне назар аударатынын жеткізді.
Үлкен өзгерістер кішкентай қадамнан басталады. Әрбіріміз үйдегі қоқысты сұрыптап тастай аламыз. Мысалы, мен қоқысты сұрыптаймын. Ол – әдет. Жапонияда білім алдым. Ол жақта қоқысты сұрыптау қатты дамыған, - деді Зүлфия Сүлейменова Үкімет отырысынан соң.
Оның айтуынша, қоқыс мәселесін шешу үшін әкімдіктер жоспар құруға тиіс. Алайда ол орындалмаған.
«Экологиялық кодекске сәйкес, жергілікті атқарушы органдар қалдықтарды басқару бойынша кешенді жоспарлар құруы керек. Өкінішке қарай, бүгінде ешбір әкімдік оны жасаған жоқ. Алайда біз өз тарапымыздан оларға тиісті методологиялық сүйемелдеу, көмек көрсетіп жатырмыз», - деді министр.
Сондай-ақ ол өзінің қарапайым отбасында дүниеге келгенін, білімге құштар екенін жеткізді.
1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келдім. Онда №34 мектепте оқыдым. Кейін №51 қазақ гимназиясына ауысып, оны бітірдім. Әкем мен анам зауытта жұмыс істеді. Қазір олар – жеке кәсіпкерлер. Ата-анам Ақтөбе қаласында тұрады. Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқып, бакалавр, магистр дәрежесін алдым. Содан кейін Біріккен Ұлттар ұйымында жұмыс істедім. Ғылымға қатты құмармын. Сондықтан білімімді одан әрі тереңдетемін деп Жапонияда PhD докторантураға түстім. Былтыр докторлық диссертациямды қорғадым. Оның тақырыбы Трансшекаралық су мәселеріне байланысты болды, - деді Зүлфия Сүлейменова.
Ол мемлекеттік қызметке 3 жыл бұрын келгенін де атап өтті.
«2019 жылы Президент жастар кадрлық резервіне өттім. Шынымды айтсам, өтемін деп ойлаған жоқпын. 2020 жылдан бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметте жұмыс істеуді бастадым», - деді министр.
Айта кетейік, биыл 4 қаңтарда Зүлфия Сүлейменова Экология және табиғи ресурстар министрі қызметіне тағайындалған еді.