«Президентті биліктен кетіргісі келді»: Тоқаев қаңтардағы дүрбелең туралы
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауын жариялауда
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын жариялап жатыр.
Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың отбасына көңіл айтып, 2 мыңға жуық адам ұсталғанын айтты.
«Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы мәселемен мекемеаралық шұғыл тергеу тобы айналысуда. Құқық қорғау органдарына жасалып жатқан жұмыс нәтижесін үнемі жариялап отыруды тапсырамын», - деді президент.
Президент төңкеріс жасауға ұмтылғандардың ішінде белгілі адамдар болғанын да ашып айтты.
Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді, - деді президент.
Президенттің айтуынша, осының бәрін шетелдегі радикалды күштер өз мақсатына пайдаланғысы келген.
«Олар Қазақстанды қақтығыс алаңына айналдырып, бейбіт өмірдің тас талқанын шығармақ болды. Президентті биліктен кетіргісі келді», - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, елдегі ауқымды өзгерістер кейбір ықпалды адамдарға ұнамаған.
«Қазір алдын ала қорытындылар дайын. Біз теріс пиғылды адамдардың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын нақты білеміз. Осы ретте бүлікшілер мұндай қадамға не себепті барды деген сұрақ туындайды. Жауабы айдан анық. Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді», - деді президент.