Бронды соғыс машинасы қарда да, батпақта да, құмда да еркін жүре береді
АҚШ Украинаға көктемгі шабуылдарды сәтті өткізуі үшін Stryker соғыс машиналарын беруге шешім қабылдады.
Politico-ның хабарлауынша, АҚШ президенті Джо Байден аптаның соңында Киевке Stryker берілгелі тұрғанын жария етуге тиіс. Ол Германияда өтетін Украина қорғанысы жөніндегі топтың отырысы барысында айтылады. Алайда түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.
АҚШ Ресей көктемде кең ауқымды шабуылға көшу үшін мобилизациясының екінші толқынын өткізгелі жатқаны жайлы хабар тарағаннан кейін бірден осындай ұйғарым жасауды ойластыра бастаған. Бұл соғыс машиналары Украина Қарулы күштерінің бронды техника жөніндегі сұранысын қамтамасыз етіп, жауынгерлік қабілетін арттыруға тиіс.
General Dynamics Land System компаниясы шығарған 8 доңғалақты Stryker бронды соғыс машинасы қарда да, батпақта да, құмда да еркін жүре береді.
Танктермен шайқаста дәл Bradley сияқты мықты емес, бірақ жаяу әскерлерді қорғау мен жақыннан салған ұрыстарда таптырмайды, – деді АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі ол туралы.
Әскерилердің айтуынша, Bradley-ге қарағанда, Stryker ың-шыңсыз, тыныш жүреді. Оның келіп қалғаны байқалмайды. Тоғыз сарбазды тасымалдап алып жүреді. Осылайша, соғыс машинасы танк пен бронетранспортердің аралығындағы құрал болғалы тұр.
Мұның алдында АҚШ Украинаға Bradley соғыс машинасын беруге уәде еткен еді. Сол сияқты, Германия Marder, Франция БМП AMX-10 RC бронды жаяу әскер машиналарын беретін болып шешті.