Halyq Uni логотип
×

Ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі жаңа тұжырымдама бекітіледі

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ана өлімі 3 есе төмендеген

 Динара Амантай 11.01.2023 | 13:47
Ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі жаңа тұжырымдама бекітіледі
Фото: Halyq Uni

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің қатысуымен Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник мемлекет басшысының ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелері жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы баяндама жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2022 жылдың ішінде 407 мың жүкті әйел бақылауда болды, 412 мың бала дүниеге келді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ана өлімі 3 есе төмендеді, - деді Вячеслав Дудник.

Алайда қызметтердің негізгі көрсеткіштерінің төмендеуіне қарамастан, кадр тапшылығы, материалдық-техникалық жарақтандыру, инфрақұрылымның тозуы басты проблема күйінде қалып отыр. Бұл медициналық көмек көрсету сапасына тікелей әсер етеді.

Әйелдер мен балаларға білікті медициналық көмек көрсету үшін елде 5 мыңнан аса МСАК объектісі, 240 перзентхана, оның ішінде 39 перинаталдық орталық, 23 балалар ауруханасы және 4 республикалық клиника жұмыс істейді.

Вице-министрдің айтуынша, перзентхана деңгейінде акушер-гинекологтармен жұмыс істеу 45%-дан 80%-ға дейін өзгереді. Осы бағыттағы кадр тапшылығына қатысты бүгінде елімізде 275 акушер-гинеколог, 323 анестезиолог-реаниматолог, 100 неонатолог жетіспейді. Балалар стационарларында 200 педиатр, 340 анестезиолог-реаниматолог тапшылығы байқалады.

СҚО-да неонатологтардың, Атырау облысында педиатрлардың, Түркістан облысында балалар анестезиолог-реаниматологтарының тапшылығы ерекше назар аудартады.

Кадрлық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында министрлік 2022 жылы «Акушер және гинекология» мамандығы бойынша резидентураның 108 білім беру грантына, «Педиатрия», «Неонатология», «Балалар хирургиясы», «Балалар онкогематологиясы» мамандықтары бойынша 292 грантқа мемлекеттік тапсырыс бөлді. Өңірлерге 290 жас түлек, оның ішінде 198 балалар дәрігері, 92 акушер-гинеколог бөлінді.

Вячеслав Дудник балалар өліміне әсер ететін факторлардың қатарында патронаттық бақылаудың тиімділігін атады.

Ел бойынша балаларды әмбебап патронаждық пакетпен қамту 86%-ды құрайды. Олардың тек 17%-ы прогрессивті бақылауға жатады. Бұл жүргізілетін патронаждар сапасының төмендігін көрсетеді. Халықаралық талаптарға сәйкес прогрессивті пакеттегі балалар саны кемінде 30%-ды құрауы тиіс, - деп атап өтті вице-министр.

Осылайша, дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 4 есе өсті. Ал нәресте өлімі 1,7 есе, балалар өлімі 1,6 есе төмендеді. Неонаталдық хирургияның және осы технологиялардың өңірлерге трансфертінің дамуымен туабітті ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 86%-ды құрады.

Инфрақұрылымның тозуын және перзентханалар мен балалар стационарларының техникалық жабдықталуының жеткіліксіздігін ескере отырып, 2023 жылы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық стандарттар бойынша 11 перинаталдық орталық салу мәселесі пысықталып жатыр.

Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім көрсеткішінің 19%-ға өсуі үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Ол Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында аса жоғары. Дудниктің айтуынша, бұл көрсеткішке әсер ететін факторлардың бірі – травматологтармен қамтамасыз ету. 6 облыста мұндай бейіндегі мамандар іс жүзінде жоқ. Сондықтан осы бағытта медициналық көмек көрсету тиісінше зардап шегеді.

Вице-министр сондай-ақ республика бойынша өлім-жітім 2021 жылғы 18%-дан өткен жылы 15%-ға дейін төмендеген инсульт және жіті инфарктпен ауыратын пациенттерге уақтылы медициналық көмек көрсету мәселесіне назар аударды.

Мұндай пациенттердің жоғары өлім-жітімінің себебі қосалқы ауруларына және кеш емделуге байланысты болып қалады. Сондай-ақ тромболитикалық терапия да жеткіліксіз қолданылады. ҚР бойынша диспансерлік есепке алынған адамдардың саны небәрі 69%-ды құрады. 2021 жылы 84%-ға қарсы, бұл ретте инсульт алған барлық пациенттердің 100%-ы диспансерлік есепке алуға жатады, - деді министрдің орынбасары.

Сөз соңында Дудник 2023 жылға жоспарланған жұмыстың бірнеше негізгі бағыттарын атап өтті. Оның ішінде МСАК, жедел жәрдем жұмысын жетілдіру, ҚАЖ мекемелерінің сотталған тұлғаларына медициналық көмек көрсету, бірқатар жол карталарын іске асыру, жаңа стандарттар әзірлеу және клиникалық хаттамаларды енгізу, СӨС дағдыларын қалыптастыру және басқа жобалар бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама