Павлодарда өртенген үйден ер адамның мәйіті табылды

Дастан Жұмабекұлы

Өрт шылымнан болған

фото: ашық дереккөз

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 10 қаңтар күні сағат 14:25-те 101 пультіне қаладағы Набережная көшесі, №5 мекенжайда орналасқан үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.

Павлодар қаласы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Ренат Валишановтың айтуынша, өрттің шығуы шылымнан болған. 

Өрт сөндірушілер өртенген үйге келгенде бір бөлмелі пәтерде үйдің заттары мен жиһаздар жанып жатты. Ол жерден 1960 жылы туған ер адамның мәйіті табылды, – деді қалалық ТЖБ бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Тілекжан Галямов.

Тілсіз жау сағат 14:51-де ауыздақталып, сағат 15:00-де толығымен сөндірілді. 

Оқиға орнына Павлодар облысы ТЖД-ның 28 қызметкері мен 8 техникасы, медицина және апаттар орталығының 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды.

Осы оқиғаға қатысты тиісті сараптамалар тағайындалды. Полиция департаменті адамның қайтыс болуы және отты абайсыз қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.