ТЖМ Қарағандыдағы көпқабатты тұрғын үйдегі өртке қатысты мәлімдеме жасады
Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс тіркелді
Қарағандыдағы көпқабатты тұрғын үйдегі өрт газ жарылысының себебінен болмаған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 қаңтарда сағат 21:29-да Қарағанды қаласында Республика даңғылы, 18/2 бойында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. 16 қабатты бір кіреберісті 127 пәтерлі тұрғын үйдің 8-қабатындағы пәтерде жалпы алаңы 30 шаршы метр аумақта өрт шықты.
1979 жылы туған ер адам жанып жатқан пәтерден құлап, медициналық мекемеге жатқызылды. Барлау кезінде 3 адамның (2 ер, 1 әйел болуы мүмкін) мәйіті табылды. ТЖД күштерімен 48 адам (оның ішінде 9 бала) кіреберістегі пәтерлерден құтқару қалпақтарының көмегімен шығарылды және 82 адам (оның ішінде 21 бала) эвакуацияланды.
Сағат 22:55-те өрт оқшауланды. Оқиға орнына ТЖМ-ның 88 адамы мен 23 техникасы жұмылдырылды.
Газ жарылысы расталмады. Оқиға орнынан газ құрылғылары табылмады. Ешқандай қираулар немесе құрылымдық бұзылулар жоқ. Жылу жүйелері бұзылмаған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ тұрғындарды жылыту үшін ТЖД-ның 3 вахтовкасы жұмылдырылғаны белгілі болды. Эвакуацияланған тұрғындар туыстарына және қаладағы қонақ үйлерге орналастырылады. Оқиға орнында психологтар жұмыс істеп жатыр.
Бұған қоса полиция қызметкерлерімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 204 бабы 2 тармағына «Отпен немесе қауіптілігі жоғары өзгеде көздермен жұмыс істеу арқылы жасалған ауыр зардаптарға әкелген бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру» сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Аталған баптың санкциясына сәйкес 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.