Конституциялық соттың ресми сайтында қаулы шықты
Тұңғыш президент туралы заңның күші жойылды. Конституциялық соттың ресми сайтында қаулы жарияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады», - делінген қаулыда.
Конституциялық сот 2022 жылдың 5 маусымындағы республикалық референдумнан кейін осы Конституциялық заңның қолданыстағы заңнамада сақталуы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңаланған редакциясымен келіспейді деп пайымдаған.
Қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
Сондай-ақ шешім түпкілікті саналады және шағымдануға жатпайды.
Айта кетейік, бұған дейін Тұңғыш президент туралы заңның күшін жоятын түзетулер Мәжіліс қарауына шығарылғаны хабарланды.
2022 жылдың 8 маусымындағы Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Қазақстанның Тұңғыш президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Ата заңның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды.