13 өңірінде қатты аязға байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың 52 учаскесінде қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді
Қатты аязға байланысты 13 өңірде тасжолдар ішінара жабылды, деп хабарлады ҚазАвтоЖол.
«10 қаңтар сағат 21:45-тегі ақпаратқа сәйкес еліміздің 13 өңірінде қатты аязға байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың 52 учаскесінде қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді. Қозғалыс дизельмен жүретін жүк және қоғамдық көліктер үшін ғана тыйым салынды. Бұл шара республикалық маңызы бар автожолдарда штаттан тыс жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ұлттық оператор республикалық автожолдарды пайдаланушылар үшін 120-дан астам жылыту пунктін дайындады», - делінген компания таратқан ақпаратта.
Жол жұмысшылары тәулік бойы күшейтілген режимге көшірілді. Қазір қысқы күтіп-ұстау жұмыстары, соның ішінде республикалық трассаларға құм-тұз қоспасын шашу үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Қосымша ақпарат алу үшін ҚазАвтоЖолдың тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталығына «1403» нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Айта кетейік, «Қазгидромет» РМК 11 қаңтарда бірнеше өңірде аяз көтерілетіні туралы ескертті. Жекелеген өңірде ауа температурасы 41 градусқа дейін төмендейді.