Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткендерге жаза күшеймек

Дәурен Ерболат

Оларға 6,9 млн теңге айыппұл салынуы немесе 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Фото: Halyq Uni

Қазақстан мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткендерге жазаны күшейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына өзгерістер енгізіледі.

Құжаттың мәтіні «Ашық НҚА» порлатында жарияланды.

ҚР мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткен шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстаннан тысқары жерге 5 жылға  шығарылып, 2 мың АЕК (6,9 млн теңге, 1 АЕК – 3 450 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады не 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, - деп жазылған заңдағы жаңа редакцияда.

Мұндай шешім қабылдауға Таяу Шығыс пен Ауғанстандағы тұрақсыз жағдай себеп болған.

Жақында Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдай және Ауғанстандағы жедел жағдайдың шиеленісуі алаңдаушылық туғызды. Осыған байланысты жалған құжаттар бойынша ел аумағына заңсыз кіру әрекеттері жиілеп кетті. Сондай-ақ қолданыстағы қылмыстық заңнама мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өтуге әрекет жасағаны үшін адамдарды жауапқа тартуға мүмкіндік бермейді. Өйткені бұл әрекет ауырлығы аз қылмыстарға жатқызылған, - деп жазылған құжатта.

Тоқтала кетсек, қолданыстағы заң бойынша шекараны заңсыз кесіп өткендерге қолданылатын ең қатаң жаза – 1 жылға дейін бас бостандығанан айыру.

Енгізілгелі отырған өзгерістерге сәйкес, енді мұндай қылмыс жасағандар 3 жылға сотталуы мүмкін.