Ол жаңа қызметінде қызықты жобаларды әзірлеумен және үйлестірумен айналысады
Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов «Хабар» агенттігі» АҚ-ның креативті продюсері қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Бойындағы таланты мен тынымсыз еңбегінің арқасында халықтың ықыласына бөленген Тұрсынбек Аманғалиұлы қолға алған кез-келген жоба табысты болып жатады. Ол әдемі қалжыңы арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, әрдайым көпшіліктің көкейіндегі айтып жүретіні белгілі, – дейді ол.
Оның айтуынша, отандық телеарналардағы «Әзіл әлемі», «Көңілді тапқырлар алаңы» сияқты жобалары көрермен тарапынан үлкен сұранысқа ие.
Берік Уәлидің айтуынша, «Хабар» арнасындағы Тұрсынбек Қабатов жүргізген «Жұп-жұбымен», «Cover show» сияқты жобалар да жоғары нәтиже көрсетіп, Агенттік үшін табысты хабарлардың біріне айналды.
Тұрсынбек Қабатов жаңа қызметінде қызықты жобаларды әзірлеумен және үйлестірумен айналысады.