×

Босанғаннан кейін екі ай комада жатқан: Шымкентте жас ана есін жиды

Дүниеге келген ұл баланың салмағы – 685 грамм

 Халық үні 09.01.2023 | 19:19
фото: ашық дереккөзден

Шымкентте дәрігерлер екі айға жуық реанимацияда жатқан жүкті әйелді аман алып қалды, деп хабарлайды Шымкент каласы денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі.

Іштің өткір ауырсынуына шағымданған жүкті әйелді дәрігерлер толық медициналық тексеруден өткізіп, жедел операция бөліміне ауыстырған.

Операция кезінде босанған әйелден гангренозды аппендицитті анықтап, оны хирургиялық жолмен алып тастаған. Отадан кейін әйелдің жағдайы асқынған. Себебі пациентте аппендициттен бөлек, екі жақты пневмония, тері бүйрек-бауыр зақымдануы, созылмалы бүйрек аурулары болған. Бұған қоса, науқасқа дәрігерлер «жүйелі қызыл жегі»  диагнозын қойған.

Созылмалы ауруларының асқынуы салдарынан науқастың күннен-күнге денсаулығы нашарлаған. Екі адамның өмірі үшін күрескен дәрігерлер тәулік бойы жансақтау бөлімінде медициналық көмек көрсетіп, бірнеше рет білікті мамандардың қатысуымен консилиум өткізген. Ауыр халдегі науқасты дәрігерлер жасанды тыныс алу аппаратына қосқан.

«Жүктіліктің 24-25 апталығында 2023 жылдың 2 қаңтарында жүкті әйелдің толғағы басталып, дәрігерлер оны мерзімінен бұрын босандырып алды. Дүниеге келген ұл баланың салмағы – 685 грамм. Ауыр халдегі сәби қалалық перинаталдық орталықтағы балаларға арналған жансақтау бөліміне ауыстырылды. Дәрігерлер шала туған нәрестеге мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп жатыр», –  делінген хабарламада.

Босанған әйелдің жағдайы жақсарып, жансақтау бөлімінен палатаға ауысты. Қазір жағдайы тұрақты. Денсаулығы жақсарған жас ананы дәрігерлер осы апта ауруханадан шығаруды жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама