Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облысында жол ақысы екі есе арзандайды

Өңірде ONAY! электронды төлем жүйесі енгізілмек

 Динара Амантай 09.01.2023 | 12:15
Қарағанды облысында жол ақысы екі есе арзандайды
Фото: Halyq Uni

Қарағанды облысында 7 қала маңындағы маршруттармен жүру арзанырақ болады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қоғамдық көлікте ONAY! электронды төлем жүйесін енгізуді тапсырды.

ONAY! электрондық жүйесін пайдалану тәжірибесі Қарағандыда оң нәтиже беруде. Бүгінде төлемдердің 96%-ы электронды түрде өтіп жатыр. Бұл жүйені қалааралық автобустарда, атап айтқанда серіктес қалаларда енгізу кейбір маршруттарда жол жүру құнын 2 есеге жуық төмендетуге мүмкіндік береді. Айырмашылық айтарлықтай, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Инновация ай сайын 500 мыңға жуық жолаушыны тасымалдайтын маршруттарға әсер етеді. Бұл – №100 және №107 (Қарағанды-Теміртау), №121 (Қарағанды-Шахтинск), №122 (Қарағанды-Топар), №127 (Қарағанды-Шахан), №146 (Қарағанды-Абай) және №165 (Қарағанды-Саран) автобустар.

Қала маңындағы маршруттарда электрондық билеттеу жүйесі енгізілгеннен кейін жолаушылар QR, көлік коды немесе SMS көмегімен көлік картасымен («Бірыңғай», Virtual, «Әлеуметтік», «Зейнеткер») жол жүру ақысын төлеген кезде 80 теңге төлейтін болады. «7-15 жастағы балалар» картасы бойынша жол жүру құны – 40 теңге. ONAY! көлік карталарын Қарағандыда да қолдануға болады.

Қазір Қарағанды-Шахтинск автобустарында жол жүру құны – 190 теңге, Қарағанды-Топар – 180 теңге, Қарағанды-Теміртау – 150 теңге, Қарағанды-Саран – 95 теңге, Қарағанды-Абай – 170 теңге, Қарағанды-Шахан – 175 теңге. Жол ақысын қолма-қол төлейтіндер үшін баға өзгеріссіз қалады.

Облыстық маршруттарда жеңілдіктер қолданылмайды. «Әлеуметтік» және «Зейнеткер» карталарының иелері үшін жол жүру жалпы тариф бойынша 80 теңге болады.

Жолаушылар көлігі басқармасына жақын арада автобустарда жүйені монтаждау жұмыстарын жүргізуді, серіктес қалалардың тұрғындары үшін ONAY! карталарын сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз етуді тапсырамын. Дүрбелеңге жол бермеңіздер! Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарымызды электронды жол ақысын төлеудің артықшылықтары мен ыңғайлылығы туралы хабардар етіңіздер, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама