Заңға сәйкес келмейтін әрекеттер негізгі сот талқылауын тағайындауға мүмкіндік бермеген
Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімовтің үстінен қозғалған қылмыстық іс облыстық прокуратураға кері қайтарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған іс бойынша қылмыстық іс жүргізу заңнамасы айтарлықтай бұзылған.
Атап айтқанда, іске қатысы барлардың рөлін сипаттауда орындаушы мен ұйымдастырушының рөлі нақтыланбаған. Айыпталушылар М., С. және Е-нің қандай қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке залал келтіргені белгісіз. Сондай-ақ, айыптау актісінде қаржының қандай сомада жымқырылғаны және қанша шығын келгені көрсетілмеген, - делінген хабарламада.
Бұған қоса жоғарыда аталған заңға сәйкес келмейтін әрекеттер негізгі сот талқылауын тағайындауға мүмкіндік бермейтіні айтылған.
«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 323-бабына сәйкес негізгі сотты тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық іс жүргізу заңнамасының бұзылуын жою үшін іс Павлодар облысының прокурорына кері қайтарылды», - делінген алғашқы сот қорытындысында.
Еске сала кетсек, кеше Павлодарда бұрынғы полиция басшысы Нұрлан Мәсімовтің ісі бойынша алдын ала тыңдау өткен болатын.