Ол пара бермеген оқытушылардың сағатын қысқартып, жұмыстан шығарған
Алматыда директордың тапсырмасымен әр мұғалімнен ақша жиналып, келіспейтіндердің сағаты қысқарып, жұмыстан босатылған. Ал Қарағанды облысында мектеп директоры қол астындағы жұмысшылардың сыйақысының жартысын алып отырған.
Бүгін «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі білім саласында анықталған осындай жемқорлық деректерін жариялады, деп хабарлады Almaty.tv.
Осы фактілерді ескерген мамандар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен «Әділетті Қазақстан – жастардың таңдауы» атты науқан жариялады. Соның аясында жемқорлыққа қатысты хабар беріп, кеңес алуға болатын 1463 нөмірлі колл-орталығы іске қосылды.
«Жемқорлыққа жататын тәуекелдер өте көп. Соларды әшкерелеп, жемқорлықты тыю үшін атсалысуға шақырамын», – деді «Әділдік жолы» ҚБ қалалық филиалының директоры Бауыржан Мақұлбаев.
Бұдан бөлек күмән тудыратын мың мемлекеттік сатып алу әшкереленіп, 600-ден аса азамат тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бірлестік бір жылдың ішінде жемқорлыққа қатысты 42 қылмыстық істің қозғалуына ықпал еткен. Осы орайда «бармақ басты, сөз қыстылықты» тыю үшін үздік идея мен жобалар байқауы өтпек. Өтініш 15 қаңтарға дейін қабылданады. Арнайы комиссия үздік жұмыстарды таңдап, бағалы сыйлықпен марапаттайды. Тың идея тәжірибе ретінде жүзеге асырылады.
«Акцияға қатысқаныма өте қуаныштымын. Өйткені өзіміз де ата-ана, қазақ елінің азаматы ретінде әділдікті талап етеміз. Балаларымыз өсіп жатыр. Әрбір ата-ана балаларының Жаңа Қазақстанда, жемқорлықсыз Қазақстанда өскенін қалайды», – деді кәсіпқой боксшы Қанат Ислам.