×

Көкшетауда пәтерден үш әйел өлі табылды

Әйелдер есеңгіреуден қайтыс болған

 Халық үні 06.01.2023 | 21:45
Фото: el.kz

Көкшетауда жұрт шырт ұйқыда жатқанда үш әйел ыстық суға күйіп көз жұмды, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Пәтердегі жылу құбыры жарылып, қайнаған су көпқабатты үйдің подъезіне дейін жайылған.

«Ұйықтап жатқанбыз, біреу есікті тарсылдатты. Атып шықтық. Кіреберісті бу басып кеткен. Қайнап тұрған суда етікпен әрең жүрдік. Көршілерді айғайлап ояттық. Су кетіп жатқан пәтерді ешкім ашпады. Барлық қызметке телефон шала бастадық», – дейді оқиға куәгері Жанна Көкешова.

Көршілер түнделетіп коммуналдық қызметтердің бәріне хабарласқан. Бір сағат бойы ыстық сумен алысқандарға ешкім көмекке келмепті. Тек учаскелік инспекторды әрең тапқан. Одан кейін келген құтқарушылар есігін ашпаған бірінші қабаттағы пәтердің терезесін бұзып кіріпті. Ішінде ыстық суға оңбай күйіп қалған үш әйелдің жансыз денесін тапқан. Олар 59 жастағы пәтер иесі мен оған қонаққа келген қос құрбысы. Әзірге марқұмдардың ішімдік ішкен-ішпегені белгісіз. 

«Бұл факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне енгізілді. Бастапқы медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, әйелдер есеңгіреуден қайтыс болған. Басқа жағдайлар сот медициналық сараптамасынан кейін белгілі болады. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», –  дейді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама