Ол 2017 жылдан бері қатерлі ісікпен ауырды
Бүгін футболдан Италия құрама командасының бұрынғы ойыншысы Джанлука Виалли қайтыс болды. Ол 2017 жылдан бері қатерлі ісікпен ауырды.
Виалли 1964 жылы 9 шілдеде Кремона қаласында туған. Осы қаланың «Кремонезе» клубында ойнап, әрі қарай «Сампдория», «Ювентус», Англияның «Челси» командасында өнер көрсеткен. Футболшы ретінде карьерасын аяқтаған соң жаттықтырушы болып жұмыс істеді.
Былтыр желтоқсан айында жаман аурумен күресу үшін Италия құрамасы делегациясының басшысы қызметін тастап кетті.
Виалли футболшы кезінде 1988 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдесін, 1990 жылғы әлем чемпионатының қола медалін иеленді. «Сампдория» клубында Италия чемпионаты мен Кубок иегерлерінің кубогын алты рет жеңіп алды. «Ювентуста» ойнағанда Чемпиондар лигасының жеңімпазы болды. УЕФА кубогының иегері мен ел чемпионы атанды. Англияның «Челси» командасында төрт трофейді басынан асырды. Соның ішінде УЕФА-ның Суперкубогы да бар. Одан кейін «Челси» мен «Уотфорд» клубтарының жаттықтырушысы болды.