Көкшетауда жылу құбырының жарылуы салдарынан 3 әйел көз жұмды
Өлімнің себебі – күйіктен болған шок
Көкшетауда пәтерлердің бірінде жылу құбыры жарылып, салдарынан 3 әйел қаза тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 2 қаңтар күні сағат 04:44-те Көкшетау қаласы ПБ-ға үйлердің бірінде жылыту жүйесінің жарылғандығы туралы хабарлама түскен. Аталған дерек бойынша жедел-тергеу тобы шақырту орнына жеткен. Келгеннен кейін пәтерде жылу құбырының жарылғаны, соның салдарынан бөлмені ыстық су басып кеткені анықталды. Пәтер ішінен құлыптаулы болған. ТЖД қызметкерлері авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, пәтерге кірген.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері пәтерден 50, 56 және 59 жастағы үш әйелдің денесін тапты. Олар үй иесі мен оның екі құрбысы болып шықты.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, әйелдердің өлімінің себебі – күйіктен болған шок.
Бұл факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.