Көліктік бақылау және бақылау-желілік қызмет департаментінің қызметкерлері бұл жағдайдан хабардар
Елорда тұрғындары мен қонақтары QR-код арқылы жол жүру ақысын төлеу қиындағанына шағымданып жатыр. «City Transportation Systems (CTS)» ЖШС-нің өкілдері осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.
Компания мамандары қоғамдық көліктегі техникалық ақаулар QR-код арқылы жол жүру ақысын төлеуге қызмет көрсетушінің ауысуына байланысты туындағанын түсіндірді. Сондай-ақ тұрғындардан жол ақысын төлеуде қиындықтар туындаған жағдайда бағдар нөмірі мен уақытын көрсетіп хабарлауды сұрады.
CTS компаниясы мәлімдегендей, көліктік бақылау және бақылау-желілік қызмет департаментінің қызметкерлері бұл жағдайдан хабардар және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айта кетері, QR-кодты сканерлеу арқылы жол жүру ақысын төлеу қосымша тәсіл болып саналады. Егер қосымша жолмен төлеу мүмкін болмаса, онда жол жүру ақысын төлеудің негізгі әдісін, яғни көлік картасын пайдалану керек, - деді компания өкілдері.
Мобильді қосымша жабдықтаушыларымен интеграция бойынша жұмыс бірнеше күнге созылуы мүмкін. Сондықтан компаниядағылар бұл жағдайға түсіністікпен қарауды сұрайды.