3 қаңтардан бері оқу-жаттығу жиынындамыз, – деді ол
Бокстан КСРО және Еуропа чемпионы Мырзағали Айтжанов Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Бұл қызметке ол 3 қаңтар күні кірісіп кетті.
Бұйрық шықты. Қазақстан бокс федерациясы ұлттық құрама команданы сеніп тапсырды. Сол сенімді ақтауға тырысамыз. Жаңа жылдың қарсаңында басшылар бас жаттықтырушы болуға ұсыныс айтқан болатын. Мен келісімімді бергенмін. Содан кейін бұйрық Жаңа жыл мерекесінен кейін шықты. 3 қаңтардан бері оқу-жаттығу жиынындамыз, – деді Мырзағали Айтжанов.
Мырзағали Құланұлы Айтжанов 1970 жылы 13 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданындағы Қарабастау ауылында туған. Жастар арасында Кеңес Одағы кубогының күміс жүлдегері, КСРО және Еуропа чемпионы.
Ол ұлттық құрамаға 2009-2018 жылдары бас жаттықтырушы болды. Сол кездері ұлттық құрама Олимпия ойындарында 2 алтын, 3 күміс, 2 қола, әлем чемпионатында 5 алтын, 8 күміс, 7 қола, Азия ойындарында 8 алтын, 6 күміс, 4 қола, Азия чемпионатында 15 алтын, 7 күміс, 6 қола медальді жеңіп алды. Сондай-ақ Мырзағали Айтжанов әлемнің екі мәрте үздік жаттықтырушысы атанған.
Содан кейін ұлттық құраманы Қайрат Сәтжанов жаттықтырды. Ол құрама тізгінін былтыр Токио Олимпиадасынан кейін ұстады. Команданы Белградта өткен әлем чемпионатына бастап барды. Сербияда Қазақстан құрамасы 2 алтын жүлдені жеңіп алды. Биыл ұлттық құрама Аммандағы Азия чемпионатына да қатысты. Енді міне, ұлттық құраманың тізгінін Мырзағали Құланұлы қайта ұстап отыр.