Медициналық ЖОО студенттерінің шәкіртақысы 20%-ға артады

Динара Амантай

Биыл резидентура гранттарының санын 2 500-ге дейін ұлғайту жоспарланып отыр

Фото: Halyq Uni

2025 жылға дейін медициналық жоғары оқу орындарының студенттеріне жыл сайынғы стипендияларды 20%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Денсаулық министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылы республикалық бюджеттің есебінен 4 700 білім беру гранты бөлінді, оның 1 500-і резидентураға көзделген.

Биыл мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында республикалық бюджеттің есебінен резидентура гранттарының санын 2 500-ге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

2022 жылдың шілдесінде бекітілген медициналық білім берудің қабылданған мемлекеттік стандарты 2023 жылдан бастап дәрігерлік кадрларды даярлаудың үздіксіз интеграцияланған моделін енгізуге мүмкіндік береді. Бұл дәрігерлерді даярлаудың жалпыға бірдей қабылданған халықаралық қағидаттарына сәйкес келеді.

Сонымен бірге университеттерді өз клиникалық базаларымен қамтамасыз ету мақсатында 6 университеттік аурухананың құрылысын іске асыру басталғаны белгілі болды. Бұл дәрігерлерді практикаға бағдарланған даярлауды қамтамасыз етуге, университеттердің мүмкіндіктерін кеңейтуге және ғылымды, озық технологиялар мен білім беру процесін интеграциялау арқылы университеттік клиникаларға республикада денсаулық сақтауды дамытудың драйвері болуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ президент пен AMANAT партиясының тапсырмасы бойынша шәкіртақы айтарлықтай ұлғайтылды. Мысалы, бакалавриат үшін ол 2 есеге жуық, интерндерде 25%-ға, резиденттерде, магистранттарда, докторанттарда 2021 жылы 15%-ға ұлғайды.

2025 жылға дейін шәкіртақыны жыл сайын 15% және 20%-ға ұлғайту жоспарлануда. Бұл жақсы оқуға қосымша серпін береді және біздің ЖОО-ларға мықты талапкерлерді қосымша тартады, - деді ДСМ ҒАРД директоры Дәулет Алдыңғұров.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылдан бастап өңірлер өтінімдерінің негізінде резидентурада гранттарды бөлуді енгізді. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық саясатын сапалы жүргізуге мүмкіндік береді.

Ведомство өкілдерінің мәліметіне сәйкес, 2022 жылғы 8 ақпанда салалық біліктілік шеңбері бекітілген. Осы оқу жылынан бастап санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарын даярлаудың 5 жылдық бағдарламасы енгізілді. Сондай-ақ, 21 кәсіби стандартты әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл жұмыс жалғасып, 2023 жылы 36 кәсіби стандарттарды әзірлеу және өзектендіру жоспарланып отыр.

Бұған қоса министрлік медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.  Мәселен, биыл ҒАРД бюджеттік бағдарламасының шеңберінде 4200 дәрігер, оның ішінде 138 шетелдік және 2650 мейіргерді оқыту ұйымдастырылды.

Денсаулық сақтау басқармаларының деректері бойынша жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен қосымша 15 790 дәрігер, оның ішінде 209 шетелдік және 29 мыңнан астам орта медицина персоналы оқытылды. Келесі жылы дәрігерлер мен мейіргерлердің сондай санын оқыту жоспарланған.

9 облыстың деректері бойынша 2023 жылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2500-ге жуық дәрігерді, оның ішінде 43-і шетелде және 9 мыңнан астам мейіргерді оқыту жоспарланған.