Ақтөбе облысындағы қайғылы жағдайға қатысты тың дерек шықты

Халық үні

Күдікті тергеу кезінде қамауда болады

фото: ашық дереккөзден

Ақтөбеде төрт жасар баланы өлтірді деген күдікті қамауға алынды. Құзырлы органдар оның кім екенін ашып айтпай отыр. Бірақ бүлдіршін өз әкесінің қолынан қаза тапты деген болжам бар. Себебі, Данил Ахунов жоғалған кезде-ақ ол тергеуге алынып, тәртіп сақшыларының бақылауында болған, деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

«Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігінде (Жас баланы өлтіру) көзделген қылмыс жасады деп күдіктелген азаматқа қатысты екі айға, яғни 2023 жылдың 28 ақпанына дейін күзетпен ұстау бұлтартпау шарасына санкция берілді. Күдікті тергеу кезінде қамауда болады», – деді Ақтөбе облысы сотының баспасөз хатшысы Айжамал Сүндетова. 

2022 жылдың 29 желтоқсанында Данил Ахуновтың подъезд алынан жоғалып кеткені туралы әкесі хабарлаған. Кейін бүлдіршінді ұрып өлтіріп, қала шетіне көміп тастағаны белгілі болды. Қазір үшемнің қалған екеуі «Аяла» оңалту орталығында тәрбиеленіп жатыр. Оларды күні-түні бақылап отырмыз дейді тәрбиешілер.

Телеарнаның хабарлауынша, Данил мен оның сыңарларын әкесі бұған дейін де ұрып-соққан. Оны сәбилер үйіндегі мерекелік кешке келгенде балақайдың өзі айтқан. Тіпті денесіндегі көгерген ізді тәрбиешілер де байқаған. Бұл жағдайдан инспекторлар да хабардар болған. Бірақ неліктен шара қолданылмағаны белгісіз. Білім бөлімі қорғаныш кеңесіне қатысты тексеру жүріп жатқанын айтты.

«Иә, 1 желтоқсандағы жағдайды айтып тұрсыздар ғой. Полицияға хабарлама берген. Олар тексеру жүргізген. Біздің қорғаныш бөліммен жұмыс туралы, зерттеу болсын, содан кейін айтамыз», – деді Ақтөбе білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева.