Жаңа туған сәби болған: Қарағандыда жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады

Халық үні

Жедел жәрдем көлігін жолға шығара алмаған

фото: ашық дереккөзден

Қарағанды облысында жедел жәрдем көлігі жолдан шығып кетті, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі. 

5 қаңтар сағат 00:03-те Дубовка ауылынан 2 шақырым жерде жаңа туған нәресте бар жедел жәрдем көлігі жолдан шығып кеткені туралы хабар түсті.

Қатты боран мен көктайғақ жағдайында оқиға орнына жеткен құтқарушылар жедел жәрдемде жаңа туған нәрестенің жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанын және арнайы құралсыз көшіру мүмкін еместігін анықтады.

Сондай-ақ жедел жәрдем көлігін жолға шығару мүмкін болмады, себебі ол жолдан 20 метрден астам қашықтықта болды.

Жедел жәрдем жүргізушісінің айтуынша, көлікте жанармай аз болған.

Оқиға орнына құтқарушылардың жедел әрекетімен жанармай мен жылы киім жеткізілді.

Сәбиді Қарағандыдан келген жедел жәрдем көлігіне уақыт жоғалтпай жеткізу үшін тез арада жол тазартылды. Дәрігерлердің айтуынша, жасанды тыныс алу аппаратынсыз баланы 30 секундтан артық ұстауға болмайды.

Қызметкерлердің уақтылы әрекетінің арқасында бала жедел жәрдемге жеткізіліп, кейін Қарағанды ​​қаласының ауруханасына жатқызылды.