Ол құқық тақырыбында жазатын журналистердің шоғырын қалыптастырды
Бүгін белгілі журналист Шарафаддин Ембергенұлы Әмір 63 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
Шарафаддин Әмір 1991 жылдан бастап республикалық «Зерде» журналында, «Алматы ақшамы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жұмыс істеп, 1994 жылы республикалық «Заң газетінің» тілшісі, кейін сол басылымның бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1997 жылдан бастап «Егемен Қазақстан» газетінде тілші, шолушы, бас редактордың репортері қызметтерін атқарып, мол тәжірибе жинаған.
2001 жылы «Заң газетінің» бас редакторы, 2005 жылдың қаңтар айынан бастап «ЗАҢ» Медиа-корпорациясының» президенті қызметіне тағайындалды. Осы жылдар ішінде ол құқық тақырыбында жазатын журналистердің шоғырын қалыптастырды. Бүгінде заң, құқық тақырыбын өндірте жазып жүрген журналистердің көбі өзінің Шарафаддин Әмірдің мектебінен өткенін мақтанышпен айтады.
2010-2016 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы қызметін атқарған ол кейін «Арғымақ-7» ЖШС-нің директоры, «Жеті жұрт» газетінің редакторы болды.
«Қазақстан Конституциясына – 10 жыл» медалінің, Ақпарат министрінің Құрмет грамотасының, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың, тағы да басқа марапаттардың иегері.
Марқұмды әріптестері «Құқықтық журналистиканың қара нары» деп атайтын.