Назарбаев, Клебанов, Шәріпбаев, Нығматулинге қатысы бар майнинг фермалары анықталды

Айнұр Шошаева

55 майнинг фермасы қызметін өз еркімен тоқтатты

коллаж: Halyq Uni

Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстанда заңсыз жұмыс істеп келген 51 майнинг фермасын анықтады. Агенттіктің хабарлауынша, бүгінде 55 ферма жұмысын тоқтатқан.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қаржылық мониторингі агенттігі мемлекеттік органдармен бірлесіп майнинг фермаларының қызметіне кешенді тексеру жүргізді. Жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде 55 майнинг фермасы қызметін өз еркімен тоқтатты. Жабдықтар бөлшектеліп, орналасқан жерінен шығарылды. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы жабдықты қайта пайдалануға жол бермеу бойынша жұмыс жүргізілуде», - делінген ведомство хабарласында.

Сондай-ақ агенттіктің баспасөз қызметі майнинг фермаларының артында кімдер тұрғанын атады.

Қызметін тоқтатқан Павлодардағы майнинг компаниялары арасында танымал кәсіпкерлер - Болат Назарбаев, Александр Клебановпен байланысты ферма бар. Сондай-ақ, Ақтөбе облысында QazaqGaz компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен Қарағанды облысында Ерлан Нығматулинге қатысты фермалар бар, - деп толықтырды агенттік.

Сондай-ақ Қазақстанда заңсыз жұмыс істеген 51 майнинг фермасы анықталып, қазір олардың қызметі тоқтатылды. Олар уәкілетті органдарға хабарламай, тиісті техникалық шарттарсыз заңсыз жұмыс істеп келген. Заңсыз фермалардың жұмысы көбіне арнайы экономикалық аймақтардың аумағында жалғасқан.

Агенттік мәліметінше, заңсыз жұмыс істеген майнинг фермаларының арасында ІІМ департаментінің бұрынғы басшысы Тілеген Маткеновпен байланысты компаниялар да бар.

Майнинг жабдықтары Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Түркия және Грузиядан контрабандалық жолмен әкелінген. Сондай жағдайдың бірі Алматы қаласында тіркелді. Қытайдан 2,8 млрд теңгеге 1 мыңнан астам майнинг жабдығы жеткізілген. Қазір Қаржылық мониторинг агенттігі 25 қылмыстық іс қозғап, жалпы құны 100 млрд теңгеден асатын 67 мың жабдықты тәркіледі.