Halyq Uni логотип
×

Қайрат Сатыбалды екі айға қамауға алынды

Антикор оның Алматы әуежайы аумағында ұсталғанын айтты

 Халық үні 15.03.2022 | 09:58
Қайрат Сатыбалды екі айға қамауға алынды
Қайрат Сатыбалды, фото: kapital.kz

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.Сатыбалдыұлына қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректерін жария етуге жол берілмейді.

Еске салайық, 13 наурызда лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталды.

Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов Қайрат Сатыбалдыға қатысты пікір білдіріп, оның Алматы әуежайы аумағында ұсталғанын айтты.

«Қылмыстық іс «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеліп жатыр. Кеше осы бойынша тиісті ақпарат таратылды. Қазір қаражат сомасы анықталып жатыр, ол бойынша бірнеше эпизод қамтылған. Осы орайда сараптама жүргізілгеннен кейін, біз бұл соманы жария етеміз. Дегенмен осы іске қатысты миллиардтаған қаражат бар деп айта аламын», - деді Антикор басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама