Ақтөбеде қоқыс контейнері басып көз жұмған әйелге қатысты тың дерек шықты
Марқұмның туыстары құзырлы мекемелерден жұмыс уақыты кезінде болған оқыс жағдайды егжей-тегжейлі тексеруді талап етіп отыр
Жедел-тергеу тобы контейнерді тиеу кезінде КамАЗ көлігінің көтергіш механизмі бұзылып, металл қоқыс контейнері ЖШС-нің 38 жастағы қоқыс жинау қызметкеріне құлағанын анықтады. Бірнеше сағаттан кейін әйел алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Ал марқұмның туыстары құзырлы мекемелерден жұмыс уақыты кезінде болған оқыс жағдайды егжей-тегжейлі тексеруді талап етіп отыр:
«Бізге сағат үш жарымда ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр деген хабар келді. Дереу мастеріне звондадым не боп қалды деп. Үстіне контейнерді көтеретін манипулятор құлап кетті деп жауап берді. Бүкіл денесін,бүйрек, асқазанының бәрін езіп жіберген, қабырғасын сындырған. Бұл арада жүргізушінің салақтығы. Сосын - механиктің салақтығы. Егерде жүк тиеуші сол жерде жүрсе, жүргізуші «манипуляторды» ұстап тұруы керек, қарап тұруы керек", дейді марқұмның туыстары.
«Манипулятор, контейнер қозғалған кезде жүк тиеуші 5 шақырым алыста тұруы керек. Ал менің сіңлім Гүлден контейнердің айналасындағы қоқысты жинап жатқанда, ол манипуляторды қарамай, жіберіп қалған. Сол уақытта үстіне құлаған. Соның астында бір сағаттай жатқан дейді. Енді біз мекемеден артында қалған үш балаға баспана алып беруін, анасының айлығын балалар ер жеткенше төлеп тұруын талап етеміз», - деді марқұм келіншектің әпкесі Қаламқас Ағытаева.
Тазалық компаниясындағылар болған жайтқа қатысты еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
«Гүлден Ағытаева біздің мекемеде өткен жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істеді. Еңбек келісімшарты бар. Жұмысшы болып еңбек етті. Негізі жұмысшыларға қауіпсіздік техникасын сақтау туралы үнемі айтамыз. Қауіпсіздік талаптары бойынша, манипулятор жұмыс жасап жатқан аумақта адам болмауы керек. Марқұмның отбасына міндетті түрде материалдық көмек көрсетеміз. Құжаттарды сақтандыру компаниясына жолдадық. Одан бөлек жерлеу рәсімінің шығындарын көтереміз»,- деді компания директорының орынбасары Эльмира Тәңірбергенова.
Қайтыс болған жұмысшы келіншектің артында үш баласы қалды. Үлкені колледжде білім алады, кенжесі 7 сыныпта оқиды. Отағасы да қайтыс болған.