Қазақстанда ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар жол жабылды
Қар басқан автожолдарда қалып қойған жолаушылар пойызбен тасымалданып жатыр, деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ.
Өткен тәулікте жүктемесі аз Боранды, Шоқпақ, Құркүреусу, Түлкібас стансаларынан 500-ден аса адам жолаушылар пойызымен Тараз, Шымкент стансаларына жеткізілді. Кері бағытта 270-ке жуық жолаушы тасымалданды.
Бүгінде ұлттық компания жолдардың жабылуына байланысты жолаушыларды темір жол көлігімен жеткізу жұмысын жалғастырып жатыр.
Күрделі метеорологиялық жағдайға қарамастан ҚТЖ-ның барлық құрылымдық бөлімшесі жүктер мен жолаушыларды үздіксіз және қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда.
Теміржолшылардың жұмысын Жамбыл облысындағы электр желісінің бағандарын құлатқан қатты жел қиындатып отыр. Электр желілерінің үзілуі салдарынан Қаратау – Жаңатас учаскесінде пойыздардың қозғалысы телефон байланысы арқылы ұйымдастырылды.
Сондай-ақ ҚТЖ Алматы-2 стансасынан жарық пен жылусыз қалған Жаңатас қаласына дизель-генераторлық құрылғысы бар 2 вагон жөнелтті.