×

Ескертуді елемеген жүргізушілерге айыппұл салынады

Олар қамауға да алынуы мүмкін

 Дәурен Ерболат 04.01.2023 | 17:31
Фото: Polisia.kz

Қолайсыз ауа райына қарамастан жолға шыққан жүргізушілерге айыппұл салынады, деп хабарлады Polisia.kz.

Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, 3-4 қаңтарда өңірде ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар барлық жол жабылған.

Полицияның бірнеше рет ескертуіне қарамастан, кейбір жүргізушілер жолға шықты. 3 жүргізуші полицейлердің талабына бағынбаған. Олардың кім екені анықталды. Жүргізушілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы («Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оларға 30 АЕК (103 500 теңге, 1 АЕК – 3 450 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалуы мүмкін», - деді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқарма басшысының орынбасары Талғат Оспанов.

Бүгінде облыстағы барлық жолда 200-ге жуық көлік тоқтап тұр. Оларды жақын елді мекендерге патрульдік полиция батальонының қызметкерлері алып жүреді.

Сондай-ақ 3-4 қаңтарда 27 жол апаты тіркелді. Негізгі себеп – жүргізушілердің жолда сақ болмауы, жылдамдықты асыру.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында 100-ден аса көліктің қар құрсауында қалғаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама