×

«Әл-Наср» клубы ресми түрде Роналдуды таныстырды

Сауд Арабиясына сөз бергеннен кейін келістім, - деді футболшы

 Дастан Жұмабекұлы 04.01.2023 | 17:11
фото: ашық дереккөз

Сауд Арабияның «Әл-Наср» клубы Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналдуды ресми түрде таныстырды.

Эр-Риядтағы «Mrsol Park» стадионының жасыл алаңында өткен тұсаукесерге 30 мыңнан аса көрермен жиналды. Онда Криштиану Роналду «Әл-Наср» клубының қатарына қосылғанына қуанышты екенін, Азия ол үшін жаңа белес екенін мәлімдеді.

Бәріңізді осында көріп тұрғаныма қуаныштымын. Сауд Арабиясында мені керемет қарсы алды. «Әл-Наср» – мен үшін жаңа шақыру. Мен бұл шешімді қабылдағаныма қуаныштымын. Мені мұнда жаңа оқиғалар күтіп тұр. Бұл клубқа қосылу туралы шешім менің өмірімдегі ең маңызды шешімдердің бірі болды.

Бұған дейін Еуропа, Бразилия, Австралия, АҚШ, тіпті Португалияның бірнеше клубтары мені қатарларынан көргісі келді. Мұны өзімнен басқа ешкім білмейді. Бірақ мен осы арада «Әл-Наср» клубына сөз беріп қойған едім. Сауд Арабиясында тек футболдың ғана емес, басқа да салалардың дамуына үлес қосқым келеді. Еуропадағы барлық жүлдені ұттым. Азия – мен үшін жаңа белес. Сауд Арабиясы чемпионаты – өте күшті және тартысты турнир. Егер бас жаттықтырушы қажет деп тапса, ертең-ақ «Әл-Наср» сапында ойнауға дайынмын», – деді Роналду.

Оның Сауд Арабиясы клубымен келісімшарты 2025 жылдың жазына дейін жасалған. Қазір оның жасы 37-де. Енді 2 жылдан кейін 39-ға келеді. Португал футболшысының жылдық жалақысы коммерциялық және дипломатиялық қызметтерді қосқанда, 200 миллион еуро болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама