Алматының ҰҚКД басшысы қамауға алынды
Бұрынғы қорғаныс министрі де қамауда, оның ісі тергеліп жатыр
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Мәжилов қамауға алынды. Бұл туралы Мәжіліс отырысында бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді.
Бас прокурор қаңтардағы оқиғалар мен тергеулер барысында ұсталғандар және қаза тапқандар жайлы айтты. Сондай-ақ ол күш құрылымдарының жекелеген басшыларының іс-әрекеттеріне құқықтық баға берді.
5 қаңтарда екі полиция департаменті басшылары әрі Алматыдағы үш департамент, сондай-ақ Алматы, Жамбыл мен Қызылорда облыстарының департамент басшыларының ғимаратты, соның ішінде қаруды қалдырып кеткені анықталды. Осы деректер бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Олар бойынша тергеу әрекеттерінің басым бөлігі аяқталды. Алматы ҰҚКД басшысы Нұрлан Мәжилов қамауға алынды. Қазір басқа адамдарға қатысты дәлелдемелер жинау және талдау жүріп жатыр, - деді Асылов.
Сонымен қатар ол Қорғаныс министрлігінің бұрынғы басшылығына қатысты «өкілеттігін асыра пайдалану» фактісі бойынша тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатқанын жеткізді.
«Бұрынғы қорғаныс министрі (Мұрат Бектанов - еск.), өздеріңіз білетіндей, қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», - деп түйіндеді Берік Асылов.