Жамбылда жоғалған сарбазды іздеген туыстары тау басында түнеп жүр
Жас сарбаздың із-түзсіз жоғалғанына 12 күн болды
Жамбыл облысында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен сарбаздың табылмай жатқанына осымен 12 күн. Жас сарбазды (Ұлықбек Бердішов – авт.) іздеу жұмыстарына көңілі толмаған жақындары оны табуға иісшіл иттерді қосуды талап етіп отыр.
Із-түзсіз жоғалған сарбаздың жақындары әу баста кинолог мамандарды іздеуге жұмылдырмады деп Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара заставасын кінәлап отыр.
Ұлықбектің туыстары дауыс зорайтқыш құрылғымен «Андас батыр» шекара заставасының маңы мен Гранитогорск ауылының ішінде күн-түн демей іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Әскерилер де Ұлықбекті іздеу жұмыстарын тоқтатпағанын айтады. Меркілік полицейлер түрлі нысандарға сарбаздың суретін ілгенімен, оны көрдім-білдім деген адам табылмай отыр.
Еске салайық, 19 жастағы Ұлықбек Бердішев 2 наурызда із-түзсіз жоғалып кетті. Оны соңғы рет әскери борышын бірген өтеп жүрген әріптесі «Андас батыр» шекара заставасындағы ат қораны тазалап жүрген жерінен көрген. Оның әскери борышын өтеп қайтуына небәрі жарты жыл ғана қалған еді.