Республика бойынша «ашық аспан» саясаты жүзеге асырылып жатыр
Республикада жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға мүмкіндік беретін «ашық аспан» саясаты одан әрі іске асырылып, әлемдік қаржы орталықтарымен тікелей әуе қатынастарын ашу жалғасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атап айтқанда, Астанадан Дохаға, Ақтау мен Шымкенттен Анкараға, Алматы мен Ақтаудан Мединаға, көктемгі-жазғы навигация кезеңінде: Астанадан Бакуге және Шымкенттен Душанбеге рейстер ашылады деп күтіліп отыр.
Астана, Алматы, Ақтау, Түркістан және Атыраудан Ыстамбұлға, Астана мен Алматыдан Антальяға, Алматыдан Баку, Тбилиси, Пхукет және Малеге рейстерді ұлғайту жоспарланған.
Бұдан басқа, Алматыдан Пәкістанға – Карачи мен Лахорға рейстер ашу, Алматы – Дели бағыты бойынша Үндістанға, Алматы – Чэнду бағыты бойынша Қытайға, Алматы – Лондон бағыты бойынша Ұлыбританияға, сондай-ақ Алматыдан Бодрум, Батуми, Ираклион, Подгорицаға және Астанадан – Тбилиси мен Подгорицаға орындалатын рейстер санын арттыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Астана – Бішкек, Ақтау – Ереван, Алматы – Самарқан, Шымкент – Кутаиси бағыттары бойынша рейстер қайта ұша бастайды.
Air Asia Х малайзиялық лоукост-әуекомпаниясы көктемгі-жазғы навигация кезеңінде Куала-Лумпурдан Алматыға, ал Thai Air Asia әуекомпаниясы Бангкоктан Алматыға ұшуды жоспарлап отыр.
Qeshm AIR әуекомпаниясы «ауа еркіндігінің» 5 дәрежесін пайдалана отырып, Алматы – Токио бағыты бойынша ұшуларды орындауды бастамақ.
Air Astana әуекомпаниясы орта мерзімді перспективада Алматы – Тель-Авив бағыты бойынша Израильге аптасына екі рет тұрақты рейс орындау мәселесін пысықтап отыр.