«Цифрлық нотариат» жобасы іске қосылмақ
Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және құжат айналымын цифрландыру бойынша 2023 жылдан бастап бірқатар қызметтер онлайн режиде қолжетімді болады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл азаматтық хал актісін немесе некені тіркеу кезінде электрондық куәліктерді беру мерзімі 1 айдан 15 күнтізбелік күнге дейін қысқартылды, тегін, атын, әкесінің атын ауыстыруды тіркеу алынып тасталады.
Сондай-ақ 2023 жылы жеке сот орындаушыларын, нотариустарды, адвокаттар мен сот сарапшыларын кәсіби қызметпен айналысуға аттестаттауды автоматтандыру жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Яғни, аумақтық әділет органдарында әңгімелесуді алып тастап, жүргізуші куәлігін алу кезінде тест тапсырғандай онлайн-тестілеуден және компьютерлік ситуациялық кейстерден өтеді.
Бұған қоса биыл «Цифрлық нотариат» жобасы шеңберінде сенімхаттарды онлайн режимде ресімдеу мүмкіндігі пайда болды. Бұл қызмет азаматтарға нотариусқа бармай-ақ интернет арқылы электрондық-цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен сенімхаттарды рәсімдеуге көмектеседі.
Сонымен қатар Egov mobile қосымшасының функционалын кеңейту бойынша «Цифрлық құжаттар» сервисінде нотариаттық құжаттарға QR-қол қою және оларды көрсету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2023 жылғы қаңтар айынан бастап пилоттық жоба барлық өңірлерде, оның ішінде қолжетімді нотариаттық қызметтер тізбесін ұлғайта отырып, қолданылатын болады.
2023 жылы «E-Salyq Azamat» және екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы жолаушылар кедендік декларациясын беру мүмкіндігі іске асырылады. Бұл жеке пайдалануға арналған тауарларды декларациялау рәсімдерін жеңілдету арқылы жеке тұлғалардың уақытын үнемдеп, ақшалай шығындарын азайтуға септігін тигізеді.
Бұдан басқа, 2022 жылдың соңында ЭШФ АЖ арқылы электрондық үлгіде жазылған орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер актілері салықтық есепке алу үшін есепке алу құжаттамасы болып танылатын заңнамалық өзгерістер енгізілді (2018 жылдың 1 сәуірінен бастап ретроспективті түрде). Яғни, салық төлеуші бұдан былай орындалған жұмыстар актілерінің көшірмелерін қағаз түрінде ұсынуға міндетті емес.