Блогердің өзі ұсталуы қоғамдық қызметімен байланысты деп есептейді
Оралда белгілі блогер Аслан Өтепов ұсталды, деп хабарлады "Мой город" порталы.
31 желтоқсанда Оралдың тергеу соты прокурордың Аслан Өтеповке қатысты қамауға алу түріндегі өтінішхатын қарады.
Тергеу мәліметінше, Өтепов жергілікті кәсіпкерге көкеніс сататын дүкен ашу үшін жер учаскесін жалға алуға көмектесуге ұсыныс жасаған. Прокурордың айтуынша, әйел оған 800 мың теңге берген. Блогер оны өз пайдасына жұмсаған. Ұсталған блогер әйелге бұл қаражатты әкімдіктегі лауазымды тұлғаларға беретінін айтқан.
Мамыр айында әйел жер учаскесін алған. Прокурордың айтуынша, мамырда Өтепов Ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінен уақытша сауда павильондарына келісім алған және әйелге жер учаскесінде көкеніс сатуға рұқсат берілген деп сендірген.
Қадағалау органының хабарлауынша, Өтепов кәсіпкерден жалға алу мерзімін ұзарту үшін тағы 300 мың теңге сұраған. 30 желтоқсанда ақшаны алып жатқанда ол ұсталған.
Блогердің өзі ұсталуы қоғамдық қызметімен байланысты деп есептейді.