×

Арқалық қаласындағы 133 көпқабатты үйдің 100-і тозып тұр

Торғай өңірінде барлығы 70 елді мекен интернетпен қамтылса, соның 35-нің байланысы өте нашар

 Еркеғали Болатұлы 31.12.2022 | 12:05
фото: ашық дереккөз

Арқалық қаласындағы жылу желісінің 85 пайызы тозған. 2 жыл бұрын пайдалануға берілген көмірмен жанатын жаңа жылу орталығынан да қайта-қайта ақау шығып, толық жұмыс істеп кете алмай тұр. Бұл қаланың қауіпсіздігі қыл үстінде тұрғанын көрсетеді.

Қостанай облысының жаңа әкімі Құмар Ақсақалов өзінің өңірлерге сапарын шалғай аудандардан бастап, күрмеулі мәселелермен танысты.

Qazaqstan телеарнасының хабарлауынша, қазір Арқалықта 133 көпқабатты үй бар десек, соның 100-і күрделі жөндеуге мұқтаж. Инженерлік құбырлардың бәрі шіріп тұр. Жиі жарылып, жертөленің ішін лас су басады. Соның салдарынан ылғи ылғалданып, жағымсыз иісі пәтерлерді де жайлап кетеді.

Канализация тазартылмайды. Өте жаман иіс кеп тұрады үйге. Бір жылдары үйде тышқан қаптап кетті. Оны өз күшімізбен тазарттық. Жертөледе тышқан деген қаптап жүр, - деді қала тұрғыны Үмітхан Алшынбаева.

Қала ішіндегі 35 шақырымға жуық жылу құбыры да тозып тұр. Оны жаңарту үшін қазір 13,8 млн теңгеге жобалық сметалық құжат дайындалып жатыр. Ал мемлекеттің миллиардтаған қаржысы жұмсалған жаңа жылу орталығының ақаудан арылмау себебін енді құзырлы орындар тексермек.

Өңір басшысы 10 жылдан бері қаңырап, жартылай қирап жатқан «Горняк» мәдениет үйіне де бас сұқты. 544 орындық мәдени нысанды жөндеу туралы бұған дейін бірнеше рет бюджеттік тапсырыс берілгенімен ақша бөлінбеген.

Облыс орталығындағы кейбір қымбат жобаларды қысқарттық. Сол үнемделген қаржыны Торғай өңіріне бөлеміз. Келесі жылғы бюджет 11 миллард теңге көлемінде болады, - деді Құмар Ақсақалов.

Бұл қаржы елді мекендерді абаттандырып, инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Облыс әкімі жауапты мекеме басшыларына 2023 жылы «Горняк» мәдениет үйін жөндеуге қаржы қарастыруды тапсырды.

Жанкелдин ауданындағы «Балдырған» балабақшасы да күрделі жөндеуден өтеді.

Сонымен қатар, Торғай өңірінде барлығы 70 елді мекен интернетпен қамтылса, соның 35-нің байланысы өте нашар. Ал 7 ауылда мүлде ұялы байланыс жоқ. Өңір басшысы алдағы жылы бұл мәселенің де оң шешімін табуына күш салатынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама