Halyq Uni логотип
×

Министр Астананың өзінде жылудан тапшылық бар екенін жасырмады

Бұл проблеманы шешу үшін Астана қаласының әкімдігі мен Үкімет қосымша 3 қазандық қондыруды жоспарлаған

 Еркеғали Болатұлы 30.12.2022 | 16:36
Министр Астананың өзінде жылудан тапшылық бар екенін жасырмады
фото: Владислав Воднев

Бұл туралы бүгін Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер минстрден «Астанада салынып жатқан үйлерде жылу проблемасы болуы мүмкін бе? Елорданың жылусыз қалу қауіпі бар ма?» - деп сұрады.

Өкінішке қарай, қазір 362 гигакалория шамасында тапшылық бар. Бірақ бұл проблеманы шешу үшін Астана қаласының әкімдігімен, Үкіметпен бірлесіп қосымша 3 қазандықты қондыруды жоспарлап отырмыз. Оған Үкіметтен қосымша ақша бөлінген. Қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі бұл тапшылықты келесі жылыту маусымына дейін шешу үшін әзір болуы қажет, - деді Болат Ақшолақов.

Сондай-ақ ол жаңадан қосылатын 3 қазандықтың қосымша 1500 гигакалория жылу беруге мүмкіндігі бар екенін алға тартты.

Жаңа нысандардың, мысалы, жылу орталықтарының құрылысын аяқтағанда қалалық архитектурамен немесе әр облыстың архитектурасымен келісіп, электр, жылу және сумен жабдықтау желілерін алдын ала тексеру керек. Қалай болса да сала салып, кейін тарту деген дұрыс емес. Ең басты мәселе – инфрақұрылым. Электр қуаты жеткілікті болуы, сумен қамтамасыз етілуі керек. Жылу жүйелерін тарту қажет. Егер үй іске қосылса, құбырдың қуаттылығы я болмаса жылыту орталығының қуаты жетпейтін болса, онда әрине тапшылық болады, - деді министр.

Оған қоса, жылу энергиясына тапшылық мәселесін шешудің жолдарын да атап өтті.

«Біз бүкіл әкімдіктермен сөйлесіп, алдын ала тексеру жүргізуге ұсыныс бергенбіз. Қазір алдымен аудит жұмыстары аяқталады. Кейін оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады. Жылу энергиясына тапшылық болмас үшін бәрін бір жүйеге келтіреміз. Алдын ала инфрақұрылымды тексеру жұмыстарымен айналысып жатырмыз», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама