Украинада Қазақстан азаматтарын алдап келген телефон алаяқтарының Call-орталығы жойылды

Еркеғали Болатұлы

Қылмыстық топтың Украина азаматтарынан тұратын 32 мүшесі ұсталды

фото: ашық дереккөз

Қазақстандық және украиналық киберполицейлер алаяқтардың Call-орталығын жойды.

Бірлескен операция Днепр қаласында өткен. Нәтижесінде Қазақстан азаматтарына телефон соғып, өздерін банктердің, құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, күдікті транзакциялар туралы хабарлаған алаяқтар анықталды.

Белгісіз біреулер қазақстандықтарға «алаяқтар есепшотыңызды бұзып кірді» деген жалған мәлімет беріп, «транзакцияларды тоқтатамыз» деген желеумен қаржылық мәліметтерді беруге көндірген. Ең сорақысы, біраз адамға онлайн-несие алдырған. Жедел-іздестіру шаралары барысында 45 компьютерлік техника, 24 ұялы телефон, sim-карта және басқа да заттай айғақтар тәркіленді.

Оларды тексеру барысында Қазақстан азаматтарының жеке деректері және ҚР Ұлттық банкінің эмблемасы бар деректер көзі табылды. Бұл ақпаратты алаяқтар жеке шоттардан ақша жымқыру және форд-қоңырау шалу үшін пайдаланған.

«Арнайы операция барысында қылмыстық топтың Украина азаматтарынан тұратын 32 мүшесі ұсталды. Call-орталығы 40 адамнан құралған. Қазір Украина тарапы қазақстандық киберполицияның көмегі арқылы тергеу әрекеттері мен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр», - деді ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.