Halyq Uni логотип
×

Кәрім Мәсімов 17 жылға дейін сотталуы мүмкін - Бас прокурор

Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген жемқорлық белгісі анықталды

 Ербол Тұрымбет 14.03.2022 | 12:24
Кәрім Мәсімов 17 жылға дейін сотталуы мүмкін - Бас прокурор
Кәрім Мәсімов, фото: ашық дереккөзден

Мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық міндеттерін асыра пайдалану күдігі бойынша қамауға алынған ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр.

Бүгін Мәжіліс депутаттарының бірқатар сауалына жауап берген Бас прокурор Берік Асылов Қаңтар оқиғасына қатысты қамауға алынған Кәрім Мәсімовтің 17 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін айтты.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева Бас прокурордан «Егер Кәрім Мәсімовтің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа қызметкерлерінің кінәсі дәлелденсе, олар қандай жазаға таратылуы мүмкін? Соған байланысты қылмыстық іс қай кезеңге келді?», деп сұрады.

Бас прокурор ҰҚК бұрынғы төрағасы мен оның үш орынбасарына, екі бөлімше бастығына қатысты бірнеше іс қозғалып, тергеліп жатқанын айтты.

«Оның ішінде мемлекеттік опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу үшін билікті асыра пайдалану және пара алу бойынша қылмыстық істер тергелуде. Бұрынғы төраға мен оның орынбасарлары қамауда. Олардың іс-әрекеттеріне құқықтық бағаны сот береді. Бірақ, алдын ала айтар болсақ, аталған қылмыстар үшін Қылмыстық кодекспен 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Қазір тергеу әлі жүргізіл жатыр», - деді Берік Асылов.

Еске салайық, жақында тергеу барысында Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген жемқорлық белгісі бары анықталды.

Отандық бизнес қауымдастықтары мен шетелдік субъект өкілдерінен жылжымайтын мүлік, қымбат сыйлықтар, соның ішінде мәдени құндылықтар, елеулі мөлшерде ақшалай қаражат алу фактілері құжатталды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы К.Мәсімовке, төрағаның бұрынғы орынбасарлары - Ә.Садықұлов, Д. Ерғожин мен басқаларға қатысты билікті күштеп басып алу, мемлекетке опасыздық жасау және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр.

Сонымен қатар 2022 жылғы 22 ақпанда лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану күдігі бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары М.С.Өсіпов ұсталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама