Жетісу облысында 62 жастағы ер адам 12 жасар қызды зорлаған
Жыныстық қорлық көрген қыздың ісі 7 айға созылып, соңғы сот отырысының шешімімен айыпталушы Қанат 20 жылға бас бостандығынан айырылды
Жетісу облысы Панфилов ауданындағы Шолақай ауылында 12 жастағы оқушы қызды 62 жастағы ер адам бірнеше рет зорлаған, деп хабарлады «Астарлы ақиқат» бағдарламасында.
Кәмелет жасына толмаған қаршадай қыздың малшы әкесі төрт түліктің соңынан кетіп, тау етегінде жүргенде, анасы таңнан қара кешке дейін наубайханада жұмыс істейді. Ата-анасының жоқтығын пайдаланған Қанат есімді ер адам арам пиғылын іске асырған. Оқиғаға көршілері де куәгерлік танытып, бөтен көліктің үй ауласында үнемі тұратынын айтады. Ал қыздың анасы аталған көлік иесі Қанатпен бір жыл бұрын көлікке зәру болған сәтте танысқан.
Анасының айтуынша, егде жастағы ер адам қалаған күні келіп, кетіп жүрген. Қалғысы келсе қалып, кеткісі келсе кететін болған.
«Не үшін келетінін де білмейтінмін. Үйге келіп, қонып кететін. Ыстық тамақ, жылы орын бердім. Ол кісінің бұлай азғындыққа бой алдырған адам екенін білмедім. Енді қазір өз қызын қорғай алмаған ана болып отырмын. Амалым жоқ. Біреуге тигізер зияным, жасаған қылдай қиянатым болмаған соң, одан да ондайды күтпедім. Мұндай күнге душар болам деп ойламадым», — дейді анасы.
Ж. Бусаков атындағы орта мектептің директоры Зәмзагүл Жалтанбаева: «Оқушының мұндай жағдайға тап болғанын 27 мамыр күні дәрігерге қаралғанда білдік. Оған дейін оның сабағы да, тәртібі де жақсы болды. Бұрын 3-ке оқып жүрсе, 4-ке қарай жылжыды. Бойынан азғындыққа ұшырағанының белгілері байқалмады. Көп нәрсені қыз бала анасымен шешу керек. Анасының тәрбиесі дұрыс болу керек. Балаға көп жағдайда ақылды ана айту керек».
Қызға жыныстың зәбір көрсетушінің әпкесі інісінің әйелі басқа адамға тұрмысқа шықса да, балаларымен қарым-қатынасы жақсы екенін алға тартады.
«Таксист болып, сол үйдің әйелімен танысып, соларды ары-бері тасып жүрген. Біраз уақыттан кейін әйелдің өзі ініме көңіл танытады. Оны көрген інім бойдақ болған соң онымен көңіл қосады. Інім әйелмен ғана жүргенін, қызға тиіспегенін айтып отыр. Тіпті «сенбесеңдер, өлтіріп тастаңдар» деді. Соны көрген қыз бала анасын қызғанып, солай әрекет жасауы да мүмкін ғой. Қандай ана, қандай әке бұлар баласына көңіл бөлмейтін», — дейді айыпталушының әпкесі Фариха Қасенова.
«Еркегім үйде жоқ болған соң есікті ашып бергенімді де, кіргізгенімді де мойындаймын. Бәрі менің мойнымда. Бірақ жаман оймен кіргізбедім. Алайда қызыма үш рет қорлық көрсеткен», — дейді қыздың анасы.
«Мұндай жағдай туралы естіген жоқпын. Шу шыққанда бір-ақ естідім», — деді малдың соңында жүрген әкесі.
Зорланған қызға қатысты тағы бір тың дерек шықты. Бұған дейін Шолақай ауылының Тайбек есімді тұрғыны 12 жасар қыздың үйіне бір-екі рет кірген көрінеді. Ол істің анық-қанығы айтылған соң жігіт кінәлі деп танылған. Кінәні мойнына алғысы келмеген жігіт 2022 жылдың 10 қазанында өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Анасы қызының етегін алғаш түрген Қанат екенін, кейіннен туысқан інісі Тайбекпен бірігіп, қызына тағы да жабысқанын баса айтты.
Жыныстық қорлық көрген қыздың ісі 7 айға созылып, соңғы сот отырысының шешімімен айыпталушы Қанат 20 жылға бас бостандығынан айырылды.