×

Ақмола облысында 4 ауыл тұрғындары алаяққа алданып қалған

Алаяқ жігіт мал иелеріне бір тиын да ұстатпай, мөрі жоқ келісімшартпен қатырған

 Халық үні 29.12.2022 | 21:43
Фото: видеодан алынды

Ақмола облысында төрт ауыл малынан айырылды. Ірі-қара мен жылқыны 35 жастағы азамат «сатып беремін» деп алдап алып кеткен. Күдікті Ақкөл, Аңғал батыр, Қарашілік, Жаңалық ауылдарының ондаған тұрғынын сан соқтырыпты, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Тіпті мал иелеріне бір тиын да ұстатпай, мөрі жоқ келісімшартпен қатырған. Жеке куәлігінің көшірмесін таратып, ауызша берген уәдесіне сеніп қалдық дейді алданған жұрт.

Сағындықов Серіктен 750 мың теңгеге 9 қой, екі ешкі сатып алдым. Төлем бізде, Алла қаласа, 31 тамызда қолма-қол ақша беріледі деген.

Тақырға отырған тұрғындардың бәрі осындай құрғақ уәдеге сеніп қалған. Алласы аузынан түспейтін Амантай  Беказат деген жігіт ешкіммен саудаласпай, жұрттың айтқан бағасына малын ала беріпті. Бірақ ақшасын «кейін берем» деп көндірген. Аңғал батыр ауылына тіпті түн қата келгенде, «малды өзіміз көлікке артып бердік» дейді тұрғындар. Енді төрт түлігінен айырылып жер сипап қалған жұрт жан-жақтан Ақкөл ауылына жиналып, күдіктіні іздеп жүр.

«Аңғал батыр ауылынан 120-дай қара мал кетті. Сиыры бар, бұзау бар, бұқасы бар, 120 ұсақ малды айтпағанда өзіме 550 мың қарыз. Көрші Қанатқа 1 миллион. Біреуден 26 бас алған, қара мал. Келді. Қағілез екен. Шарттағы мөріне де қарамаппыз. Көк тиын берген жоқ», -дейді Аңғал батыр ауылының тұрғыны Әлия Тасмұқамбетова. 

«Бұл жігіт сөздің шыны керек, алдап, қанша халықтың бар малын жинап алып кетті. Ерігіп берген жоқпыз.Ауылдың бар кұнін көріп отырған малы», -дейді Ақкөл ауылының тұрғыны Гауһар Аужанова. 

Төрт түлікпен күнелткен жұрт биыл жем-шөп тапшылығынан амалсыз малымызды сатып едік дейді. Ақшасына қысқы отын аламыз деп ойлапты. Алданып қалғанын білгенде бірден полицияға хабарласқан. Алайда тәртіп сақшылары «малды өздерің бердіңдер» деп шағым қабылдамаған. Десе де, сан соғып қалғандардың көптігінен іс қозғалып, тергеу басталған.  

«Полиция ауыл тұрғындарынан мал алып жүрген азаматтың Целиноград ауданының тұрғыны екенін анықтады.Оған алаяқтық бабы бойынша  іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Зеренді ауданы полиция бөліміне де осы азаматқа қатысты бірнеше шағым түскен. Бұл іс одан әрі біріктіріліп тергеліп жатыр», -дейді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.

Тұрғындарды күнде ертеңмен  алдап келе жатқан Амантай Бегазатпен біз де хабарластық. Ол ешкімді де алдамағанын, жақын арада есептесетінін айтып, ант-су ішті. Бұл төрт ауылдан басқа, көрші Солтүстік Қазақстанда дәл осылай сауда жасаған. Әзірге оның жұртқа нақты қанша қарыз екені белгісіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама