Моңғолия Қарақорымды қалпына келтірмек
Енді Үкімет қаланың бас жоспарын әзірлеуге тиіс
Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух елдің ежелгі астанасы Қарақорымды қалпына келтіруді көздейтін Жарлыққа қол қойды, деп хабарлады президент офисі.
1235-1260 жылдары Қарақорым қаласы Моңғол империясының (Жапон теңізінен Шығыс Еуропаға дейін) астанасы болды.
Жарлықтың мақсаты – азаматтардың салауатты және қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасау, негізгі әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті кеңейту, өңірлердің дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттің құнды мұрасын, оның тарихы мен мәдениетін қалпына келтіру, - деп жазылған құжатта.
Жарлыққа сәйкес, Үкімет Орхон алқабы тарихи ескерткішінің аумағында Қарақорым қаласын салу мәселесін зерттеп, жобаны дайындап, оны Парламентке ұсынуы керек әрі қаланың бас даму жоспары мен құқықтық базасын әзірлеуі шарт.
Бұрынғы астананы қалпына келтіргеннен кейін оны Қарақорымға көшіру туралы Жарлықта айтылмаған.