Қарулы күштердің әлеуметтік жағдайы одан сайын жақсарады
Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру мен еңбекақы төлеу жүйесін жақсарту жұмыстары туралы айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы Қарулы күштердің әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақысы орта есеппен 60%-ға артады. Сондай-ақ келесі жылы Қарулы күштердің арнайы мақсаттағы бөлімшелеріндегі әскери қызметшілердің лауазымдық жалақысын 20%-ға арттыру жоспарланған», – деді Сұлтан Камалетдинов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын жақсарту жұмыстары да жалғасып жатыр.
«Осыған байланысты Үкімет 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қарулы күштер мен Ұлттық ұлан ұшу құрамының лауазымдық жалақысын арттыруды, әскери медицина қызметкерлерінің ақшалай үлесін азаматтық медициналық мекемелердегі медицина қызметкерлерінің жалақысы деңгейіне жеткізуді, жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақысын азаматтық жоғары оқу орындарының деңгейіне дейін арттыруды, Төтенше жағдайдың зардаптарын жою кезінде ақшалай қаражаттың Ұлттық ұланмен және ІІМ-мен бірдей 3 еселенген мөлшерін мақұлдады», – деді С. Қамалетдинов.