×

Әшімбаев Сенат депутаттары арасында қай мамандар тапшы екенін айтты

2023 жылдың 14 қаңтарында Сенат сайлауы өтеді

 Дәурен Ерболат 29.12.2022 | 14:48
Фото: akorda.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламенттің жоғарғы палатасында қай мамандар тапшы екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алда Сенат сайлауы өтеді. Осыған байланысты БАҚ өкілдері Мәулен Әшімбаевтан болашақта қай саланы меңгерген сенаторлар көбірек қажет екенін сұрады.

«Бізге заңгерлер керек. Парламентте қаралып жатқан күрделі заңдар өте көп. Бүгін қабылданған Банкроттық туралы заң да осындай құжаттардың санатында. Сондықтан мұндай қиын заңдарды пысықтап, талқылау үшін бізге білікті заңгерлер керек. Алдағы сайлау нәтижесі бойынша бізге мықты мамандар келеді деген ойдамын», - деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Сенат сайлауы 2023 жылғы 14 қаңтарда өтеді. ОСК мәліметінше, кандидаттарды ұсыну мен тіркеу 29 қарашада басталып, 14 желтоқсанда кешкі сағат 18.00-де аяқталады.

Сайлауалды үгіт 24 желтоқсан мен 13 қаңтар аралығында жүргізіледі.

2023 жылғы 13 қаңтар – тыныштық күні, ал 14 қаңтар – дауыс беру күні.

Орталық сайлау комиссиясы 20 қаңтарға дейін сайлау қорытындысын шығарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама