Қайрат Сатыбалдыға қатысты басқа да істер тергеліп жатыр – Антикор

Дәурен Ерболат

Қайрат Сатыбалдыұлы 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді

photo @ Болат Шайхинов

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты іс тергеліп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Антикор өкілінің айтуынша, Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты басқа эпизодтар тергеліп жатыр.

«Иә, қазір тексеріліп жатыр. Кеше біз баспасөз қызметі арқылы ресми ақпарат ұсындық. Жалпы активтерді қайтару бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жалпы 600 млрд теңгеден астам қаржы мемлекет бюджетіне қайтарылды, бұл активтер мен қолма-қол ақшалар», - деді Антикор төрағасының орынбасары. 

Сондай-ақ Антикор басшысының орынбасары Қайрат Сатыбалдыұлының қаражат пен бағалы заттарды қайда сақтағанына жайлы сұраққа жауап берді.

Ол (қаражат пен бағалы заттар – ред.) өзінің жекеменшігі. Өзінің жеке мүлкі. Олардың қайда сақталғанына қатысты нақты ештеңе айта алмаймын. Ең бастысы, олар мемлекетке қайтарылды, - деді Ұлан Сарқұлов.

Бұған дейін Антикордың баспасөз қызметі Қайрат Сатыбалдыұлы мен басқа да адамдарға қатысты қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатқанын, фигуранттарға тиесілі – құны 230 млн АҚШ долларынан асатын, мемлекет кірісіне айналдырылған эксклюзивті асыл тастар мен зергерлік бұйымдар анықталып, елге қайтарылғанын хабарлады.

26 ​​қыркүйек Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыұлын алты жылға бас бостандығынан айырған болатын.