Конституциялық сот төрағасы тағайындалды
Эльвира Азимова 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа қызметіне кіріседі
Мемлекет басшысының жарлығымен 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Эльвира Азимова Конституциялық сот төрағасы лауазымына тағайындалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат отырысына қатысып, Конституциялық соттың төрағасы лауазымына Эльвира Азимованың кандидатурасын ұсынды.
Мемлекет басшысы адам құқығын қорғау саласына әрдайым айрықша мән беретініне тоқталып, соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар екенін айтты.
«Өлім жазасына біржола тыйым салдық. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға жаза қатайды. Сот реформасы жүзеге асырылып жатыр. Заң үстемдігі және қазылардың дербес әрі әділ болуы – басты назарда. Тағы да қайталап айтамын: әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті. Қоғам бізден осыны күтіп отыр. Сондықтан биыл адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасты. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық кепілдік және иммунитет берілді. Бас прокурордың құқық қорғау құзыреті күшейтілді. Конституциялық соттың құрылуы аса маңызды қадам болды. Бұл орган жаңа жылдан бастап жұмысқа кіріседі. Ол Ата заң нормаларының қатаң сақталуын қамтамасыз етеді. Конституциялық Сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау ісіне зор үлес қосады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Конституциялық соттың кадрлық құрамын жасақтау кезінде сабақтастық сақталуға тиіс екенін айта келіп, жаңа органның төрағасына айрықша міндет жүктелетініне назар аударды. Осы ретте Мемлекет басшысы осы жауапты қызметке Эльвира Әбілхасымқызы Азимованы ұсынды.
«Эльвира Әбілхасымқызы – тәжірибелі, білікті маман. Заң шығару жұмысын, халықаралық құқық саласын өте жақсы біледі. Ол 20 жылдан астам уақыт Әділет министрлігінде еңбек етті. Қатардағы қызметкерден министрдің орынбасары лауазымына дейін көтерілді. 2019 жылдан бері Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келеді. Сіздерден Эльвира Әбілхасымқызы Азимованы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымынан босатып, Конституциялық соттың төрағасы лауазымына тағайындауға келісім беруді сұраймын», – деді Мемлекет басшысы.
Сенат депутаттары ашық дауыс беру арқылы Эльвира Әбілхасымқызы Азимованың кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Эльвира Әбілхасымқызы 1973 жылы 15 ақпанда дүниеге келген.
1996 жылы Х.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген (халықаралық заңгер).
Еңбек жолын 1996 жылы Әділет министрлігінде бастады.
1996 жылдан 1999 жылға дейін Халықаралық құқықтық қамтамасыз ету басқармасының жетекші, бас кеңесшісі болып істеді.
1999 жылдан бастап 2005 жылға дейін Заңнама, халықаралық құқық және хаттама департаменттері басқармалары бастығының орынбасары, бастығы қызметтерін атқарды.
2005 жылдан бастап 2010 жылдар аралығында Заңға тәуелді актілер және халықаралық құқық, мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау, келісім-шарттар және талап-арыз жұмыстары департаменттерінің директоры лауазымдарында жұмыс істеді.
2010 жылдан бастап 2013 жылға дейін Әділет министрлігінің Халықаралық шарттарды сараптау департаментінің директоры қызметін жүзеге асырды.
2013 жылдан бастап 2019 жылға дейін Әділет министрінің орынбасары болды.
2019 жылдан бастап ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл болды.