Павлодарда кәмелетке толмаған қызды зорлаған ер адамға сот үкімі шықты
Қылмыс аса ауыр қылмыстар санатына жатады
Павлодарда кәмелетке толмаған қызды зорлаған ер адамға үкім шығарылды. 52 жастағы қылмыскер 22 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық сотының мәлімдеуінше, сотта азамат М.-ға қатысты кәмелетке толмаған баланы зорлау және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша (ҚК-нің 120-бабының 4-бөлігі, 121-бабының 4-бөлігі) қылмыстық істі қарады.
М-ның кінәсі жәбірленушінің және оның заңды өкілінің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және соттың басқа да зерттеулерімен дәлелденді, - деді облыстық соттың баспасөз қызметінде.
М тағылған айыптың кей бөлігін мойындап, өзінің әрекетін ҚК-нің 124-бабының 1-бөлігімен, онша ауыр емес баппен қайта саралауды сұрады.
Қылмыс аса ауыр қылмыстар санатына жатады және 20 жылға бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылған.
Сот жазаны жеңілдететін жағдай ретінде айыпталушының кінәсінің кей бөлігін мойындауын, бұрын сотталмағанын қарастырды. Ал, ауырлататын жағдай ретінде қылмысты алкогольдік мас күйде жасауын қарастырды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, М. 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қатаң режимдегі мекемелерінде өтейді, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ М. өмір бойы педагогикалық қызметтер және кәмелетке толмағандармен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.